Қашан, қайда болмасын бодан елдің тарихын отаршылдар жазып, ұлттық құндылықтарын да отаршылдар безбендеп отырды. Патшалы Ресей мен кеңестік кезең тұсында қазақ халқының тарихы мен рухани құндылықтары да солай болды. Соның кесірінен ата тарихымыз бен ана мәдениетіміз теріс түсініктердің, ақтаңдақ тақырыптардың қоймасына айналғаны жасырын емес. Тек азаттықтың ақыр айдынына шығып, екі тізгін, бір шылбыр өз қолымызға тиген күннен бастап, тоталитарлық жүйе санамызға сіңіріп кеткен теріс түсініктерді жөнге келтіріп, тарихымызды түгендеудің қамына кірісе бастадық. Иә, азат елің, өз отаның болғанға не жетсін?! Бүгінде жер бетінде өмір сүріп жатқан күллі қазақтың болашағына, тағдыр-талайына қатысты бір-ақ жер бар. Ол – өлі аруақ, тірі ағайынның қара шаңырағы, ортақ Отаны – Қазақстан! Сөздің осы тұсында академик С.Сартаевтың: “Қазақ мемлекеті тек Қазақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүниежүзіндегі қазақтардың ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет”, – деген парасатты пайымы ойға оралады. Демек, исі қазақтың жоғы осында түгенделіп, бары осында базарланбақ. Солай болып та жатыр. Ертең республика көлемінде аталып өткелі отырған Қалибек хакім Райымбекұлының 100 жылдық мерейтойы осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Мейлі қандай ұлы тұлға, ірі ойшыл, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болмасын, ол – қалай дегенде де белгілі бір дәуірдің перзенті, белгілі бір әлеуметтік ортаның өкілі. Сондықтан кейіпкеріміз туралы әңгімеге көшпес бұрын, ол өмір сүрген елдің арғы-бергісіне, ол басынан өткерген дауылды кезеңдердің сыр-сипатына қысқаша болса да шолу жасап алуға тура келеді. Әсіресе, біз сөз еткелі отырған Қалибек сынды саналы ғұмырын өзге елде өткізген, ұлтының азаттығы мен бостандығы үшін қол бастап ата жауымен