Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим), 1845 жылы осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты ішінде туады. Ақынның әкесі Құнанбай – ол күнгі сахараның жуан әкімнің бірі. Түгел Тобықтының ұлығы болған Абайдың ең алғашқы балалық шағы «күндестің күлі де күндес» дейтұғын көп шешенің арасында өтеді. Бірақ өзін тапқан шешесі Ұлжан мен үлкен шешесі Зере жаратылыстан мінезді, әділ, мейірбан адамдар болып, жас Абайды бауырмал, адамгершілік жолымен тәрбиелеуге тырысады. Әкесі қойған Ибрахим деген атты да сол аналар еркелетіп, өзгертіп «ойлы бол, абайлағыш, аңдағыш бол» деп «Абай» қойған. Бала Абай сабақты әуелі үй молдасынан оқиды. Кейін Құнанбай сегіз жасар баласын Семейге апарып, Ахмет риза деген имамның тәрбиесіне береді. Ол шаһарда, ол медреседе бес жыл тұрып, он үш жасына шейін оқуды үзбей оқығанда, зейінді шәкірт Абай көп сауат ашады. Ақындықтың ерте білінген келісті жырды, жыршыны сүйе бастайды. Бұдан бұрын кәрі құлақты әже тәрбиесін алып жүргенде туған сахарасының аңыз дастанын, аңыз әңгімесін, көркем қазынасын көп тыңдап, көп ұғып, құмартып өскен жас енді араб, иран, шағатай, түркі ақындарын іздеп оқып, жадына алады. Тағатшыл имам, назақой халфе, дүмше молдалар арасындағы қуыс кеуде, құрғақ сопылыққа салынбай ынталы зерек шәкірт Шығыстың ақындық бұлағына, классик тұнық поэзиясына ден қояды. Осы кезде орыс тіліне ерекше көңіл бөліп, аз уақыт жылдарында Абай өз өлеңдерін де жаза бастап еді. Бірақ әкенің еркі бұл баланың болашағын басқа бетке бұрады. Ел арасы, ру тартысында бірде арбасын, бірде жарғыласып, тәйкелі түсіп жүрген Құнанбайға бала мен ініден серік керек еді. Сол керегі үшін әкесі Абайдың оқуын тоқтатып, қырға қайырады. Сонымен жаратылысында үлкен зеректігі бар және қала тәрбиесінен алған білім, тәрбиесі бар естияр жас енді ел іші, ру басылары арасындағы қиын түйін, қым-қуат, айла-тәсіл