XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстаның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Әрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, қайта патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық –жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасына кеңінен таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылады. Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті. Оны мынадай мысалдардан айқын байқауға болады. Мәселен, қазақ баспасөзінің тұнғышы «Түркістан уалаятының газеті» екендігі белгілі. Ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады. Газеттің редакторы - ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал, бұл басылымның аудармашы