| 1. Жалпы жағдай Еуразия кеңістігін мекендеген көшкінші халықтардың қай-қайсысының да шығу тегіне келгенде ресми тарих үнемі нақтылық танытпай, оны түйіні шешілмеген мәселелер қатарына жатқызып, бұл ретте бір мәмлеге келген ортақ тұжырымның әлі жоқтығын алға тартады. Моңғол халықтарының шығу тегі жөнінде де осыны айтуға болады. Мұның бұлай болуын, әдетте, біз көшкіншілердің ежелгі тарихына қатысты нақты жазба деректің жоқтығынан, болмаса тапшылығынан деп білеміз. Былай қарағанда, оның солай екені де рас. Бірақ бар мәселе, шынымен, деректің тапшылығында, болмаса жоқтығында ғана ма? Ойласып көрелікші. Біздің пайымдауымызша, мәселенің негізі, түптеп келгенде, ерте замандарда көшкіншілердің табиғи төл болмысын жете білмей, оларды тек “жабайылар”, “тағылар” деп қана қабылдаған ежелгі отырықшы елдердің таным-түсінігі арқылы қалыптасқан тұрпайы, жаңсақ тұжырымдарды кейін ғылыми шындық ретінде еуропалықтардың өзгелерге өктемдікпен мойындатуы – ой-сананы құрсаулап, барды көруден, жоқты іздеуден қалдырып, зерттеушілерді сол баяғы ескі бір сүрлеуді шиырлай беруге мәжбүр етіп қойғандығында жатыр. Осының салдарынан көшкіншілердің ежелгі тарихының айқындалмаған ақтаңдақтарының, жазылмаған қатпарларының, шешілмеген шиелі түйіндерінің тым көп екендігі уақыт өткен сайын айқын ағарылып келеді. Қазіргі түрк-моңғол халықтарының тарихына қатысты айтылып жүрген пікірлер түйінінің бір арнада тоғыспай, әр тарапқа тартып, өзара қақтығысқа ұшырап, бір-бірімен шатысып жатуы да осыдан болса керек. Солардың бір тобы (Баскаков, Малов, Гумилев және т. б.) сиуңнуларды ... |