Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант екені елге мәлім. Қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар. Ақынның 1907 жылы үш бірдей кітабы – “Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз”, “Хал-ахуал”, “Сарыарқаның кімдікі екендігі” атты жыр жинағы жарық көрсе, “Миғраж”, “Хаятбақшы”, “Қорқыт”, “Гүлшат-Шеризат” деп аталатын қисса-дастандарын, публицистикалық этнографиялық еңбектерін, халық ауыз әдебиетін жинаудағы қыруар жұмысын атасақ та жеткілікті. Біз Мәшһүр Жүсіптің ақындығына тоқталсақ, оның нәзік те отты, ойлы өлеңдері халықтың өз ішінен қайнап шыққан талант екенін көрсетеді. Ел ішінің жағдайына жастай қанық ақын ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді. Олардың мінез-құлқын салмақты баяндап, сабырлы түйіндейді. Бір қызығы, әрқайсының мінезі әртүрлі, бірі біріне кереғар, күле салуы да жылдам, ренжи салуы да оңай. Енді ақынға сөз берсек, ол: Аманыңда елжіреп мақтайтын ағайын, Алыстамай айналып жақтайтын да ағайын. Ауырыңды жеңіл ғып жоқтайтын да ағайын Еркелетіп бетіңнен қақпайтын да ағайын, – десе, бұл күнделікті өзіміз көріп, өзіміз қоян-қолтық араласып жүрген ел тірлігі. Халқымыз “Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол”, – дейді. Ағайынның тағы бір мінезіне ашынып, “Туысқан бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды”, – деп те ашылады. Қалай болғанда да өзіңнің өскен жұртыңа жетері жоқ. Осыны Мәшһүр Жүсіп тіпті әдемі толғайды, ақынға құлақ ассақ: Әуел баста аңдамай тартып жүрме сазайын, Толып жатыр түрлі сөз қайсыбірін айтайын. Түсінсе түйткіл сөзімді улы тілмен шағайын, Өскен ордам жамандап жақсыны қайдан табайын, – дейді. Мәшһүр Жүсіптің осындай жақсы жырларының қатарына оның “Жеті жетім”, “Қажылық иман шарттары”, “Адам екі түрлі”, “Жанайын ... |