Білім мен білікке ұмтылған Қошке Кемеңгерұлының тағдыр-талайы зиялыларымыздың жарқын ғұмырымен қат-қабат байланысып жатыр. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді. Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Деректерге қарағанда, Шорман би “Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ” деп, баласы Мұса оқыған кадет корпусы көрінетін Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы сенімді ағайыны Атанұлы Кемеңгерге, өзіне арнайы үй салдырып, қызметшілері үшін тұрғын жай, малы үшін қора-қопсы тұрғызады. Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсебайдан тарайтын Қошмұхамбет есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына “Қошке Кемеңгерұлы” деп қол қояды. Ата атын қадірлеу – қазаққа етене тән дәстүр. Сондықтан ХХ ғасыр басында “ұлы” деген қосымша бүгінде біз арыла алмай жүрген орыстың “ов” жалғауының орнында қолданылған. Діндар Дүйсебай ерте жастан хақ жолына түсіп, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып келіп, қажы атанады. Осы қасиетті Меккеге барарда ол Атығайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайды Қартабай қатты ұнатып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады. Сонымен болашақ қаламгер көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, жан-жақты тәрбие алды. Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан оқыған Қошкені әкесі Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін ...