Мұқанов, Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жер. Әке шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омск қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді. Жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанып жүрген Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шындап бет бұрады. Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933), «Сөз Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады. Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл ...