Саятшылардың анықтауынша, жалпы құс атаулы біріне-бірі қарама-қайшы жаратылған екі үлкен топқа бөлінеді. Оның бірі – “желбесін құстар”, екіншісі – “тұяқты құстар”. Бұларды ескі ұғым бойынша бұрын “адал құс”, “арам құс” деп атап келген. Желбесін құс дегеніміз – етін жеп, мамық жүнін шаруаға жарататын пайдалы құстардың тобы. Бұлардың өзі тіршілік етуіне қарай екі жікке айырылады: суға жүзіп, су ішіндегі неше түрлі жұмсақ жалбыз, балдырған жапырақ, қазоты секілді шөптер мен минералдарды, құм, сүлік, балық, молюскаларды жеп күнелтетін құстарды “су құстары” дейді. Олар – аққу, қоңырқаз, қоқиқаз (қызыл қаз), бірқазан, қалбағай, аққұтан, көкқұтан, керқұтан, әупілдек, шағалалар, тағы толып жатқан неше алуан құстар. Ал, суға жүзе алмайтын, қырда жүріп шалғын шөп, бидайық, бетеге, жусан, тамырдың түбі, ащы кертарлан өсімдіктерді және құрт-құмырсқа, шегіртке, неше түрлі шыбын-шіркейді қорек етіп, суды сирек ішетін қанаттылар тобын “қыр құстары” деп атайды. Бұл топқа кіретіндер – дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, оқпақ, қарабай, тырна, шыңырау, тарғақ, тағы басқалар. Кейбір құстар тау ішіндегі шытырман сай-саланы, ну орманды, бұталы, тоғайлы өзен бойларын көбірек сағалап, қыр мен сулы өлкені бірдей жайлап жүреді. Олар – қырғауыл, құр, шіл, ұлар, тауқұдірет, орақтұмсық, сутауық, бөдене (бытпылдақ), бұлдырық сияқты қанаттылар. Саятшылық кәсібіне кіретін құстардың көпшілігі, әсіресе, қопалы көлді, қамысты, желкенді су бойларын, қақшымақ сорды көбірек мекендейді. Ондай құстардың тобына кіретіндер – сүңгуір үйректер, сарыалақаз, торыалақаз, италақаз, жылқышы, балшықшы, қызғыш, қаралақалқа, тағы да басқалар. Қаншыр тұқымдастардың ішіндегі тырна, қарабай, шыңырау, шағала сияқты құстар болмаса, өзгесінің барлығы да етін жеп, мамық жүнін шаруаға жаратуға келетін пайдалы желбесін құстар болып саналады. Тырна, шыңырау, қарабай, шағала тәрізді құстар көбінесе кесірткі, жылан, бақа сияқты жәндіктерді қорек ететін болғандықтан да олардың еті өте дәмсіз және улы келеді. Сондықтан да олар жеуге келмейді және саятшылар олардың соңына түспейді де. Қопалы көлді, өзен бойын сағалайтын құтан, қалбағай тұқымдас құстардың да бағалы мамық жүні болмаса, еті онша дәмді бола қоймайды. Ал енді тұяқты құстарға келсек, олар да өзара екі топтан құралады. Бұлардың бір тобы – адамның үйретуіне көніп, аңшылық кәсібіне қызмет ететін “қыран заты” болса, енді бір тобы – не шаруашылыққа, не аңшылық кәсіпке пайдалануға келмейтін “керексіз заттылар” болып табылады. Бұл соңғыға қосылатындар: әртүрлі қарақұстар (көкжөре, күшеген, балтақұстар, сақалтақ), субүркіт, саңқылдақ, сарышағыл, саржала, жаламансары, бөктергі, кезқұйрық, құладын, күйкентай, ақсары, ақүкі, жапалақ, тағы сол сияқты өлексе, тышқан, кесірткі, бақа, жылан жеп күнелтетін құстар. Өзінің күнкөріс, тіршілік әдетіне қарай құзғын, қарға, сауысқан тектес құстар да осы айтқан топқа кіреді. Тұяқты құстардың ішіндегі аңшылық кәсіпке ең керектісі әрі пайдалысы – қыран заттылар. Олар жаратылысынан түйсігі мол, сезгіш жануар болғандықтан да адамның қолына үйренуге икемді келеді. Тумысынан аң, құс |