Көшпелі өмір-салттағы этностың қоғамдық-әлеуметтік құрылымы міндетті түрде ру-тайпалық жүйеге негізделеді. Бұл – өмірлік қажеттіліктен туындаған заңдылық. Тек әулеттік ұжымдасу, рулық жарасу, тайпалық ұйысу арқылы ғана көшпелі өмір-салтты баянды етіп, оның шапағатын көруге болады. Ал, ру-тайпалық жүйеге негізделген қоғамның өмірін ретті ету үшін және сол арқылы этносты ұйыстыруға тікелей ықпал ететін ақпараттық өріс (информационное поле – С.А.Арутюнов) қалыптастыру үшін жалпы жамиғатты қамтитын шежірешілдік дәстүр қажет. Көшпелілер арасында, соның ішінде қазақ арасында айырықша дамыған шежірешілдік дәстүрдің тарихи алғышартын осылай бажайлауға болады. Жаңаша жыл санауға дейінгі ІІ-І мыңжылдықтардың өзінде-ақ көшпелі өмір-салтқа ойысып үлгерген Ұлы Дала тұрғындарының жүздеген, тіптен мыңдаған ру-тайпалық атауларының тарихи дерек көздеріне ілігуі, сөз жоқ, шежірешілдік дәстүрдің де байырғы замандарда-ақ орныға бастағанына айқын айғақ болып табылады. Себебі, ру-тайпалар атауы, ең алдымен, ел-жұрттың төл сипаты мен ішкі құрылымын бажайлауға мүмкіндік берсе, мұндай үрдіс өз кезегінде шежірелік ақпаратты, яғни шежірешілдік дәстүрді қоғамдық өмірдің қажеттілігіне айналдыратыны да күмәнсіз. Шежірелік мұраларға қатысты тарихнамалық пайымдаулар жасау үшін міндетті түрде деректемелік және дерекнамалық материалдарға алдымен ден қою қажет. Осы орайда, әрісі түркі халықтарының, берісі қазақ халқының шежірешілдік (шежірелік) дәстүріне айғақ боларлық деректемелік немесе дерекнамалық сипаттағы материалдардың айта қалғандай мол екенін және олар байырғы замандардан бастау алып, бүгінгі күнге дейін сабақтастығын үзбегенін айырықша атап өткен жөн. Рас, шежірешілдік дәстүрдің негізгі сипаты – оның ұрпақтан ұрпаққа ауызша тарайтындығы. Былайша айтқанда, шежірешілдік дәстүр бел алған ортада генеологиялық ақпарат этностың ұжымдық жадына айналады. Бұл басы ашық ақиқат. Дей тұрғанмен, түркі халықтары өзінің ұзына тарихында байырғы түркі жазуына қоса соғды, манихей, ұйғыр, тохар, сирия, қидан, армян, монғол-ұйғыр, тот (анық), латын, араб, жәдит, төте, кириллица сияқты әліпбилерді де пайдаланып, шежіре деректерін хатқа түсіріп, шежірелік толымды еңбектер де туындата білген. Ондай ...