Қылқобыздың шығу тарихын сонау атам заманнан белгілі бақсы балгерлерді жебеп жасқаушы түркілердің бабасы тұңғыш қобызшы Қорқыт ата есімімен байланыстырып аңыз етіп айтады. Халық арасына кең тараған аңызда былай дейді: « – Қорқыт 20 жасқа толғанда түс көреді. Түсіне кірген адамдар оған 40 жасқа келіп қыршыныңнан қиыласың – депті-мыс». Бұдан кейін Қорқыт өлмеудің қамын ойлап өзінің Желмаясына мініп жер шарлап ел аралап өлімнен қашып жолға шығады. Бірақ Қорқыт қайда барса да кебін киіп өзіне көр қазып жатқан ақ киімді адамдарға тап болады. Міне содан кейін ол қайда барсаңда «Қорқыттың көрі» екен-ғой деп жер ортасы Сырдарияға қайтып оралады да желмаясын құрбандыққа шалып шанағының жоғарғы жақ үстін Желмаяның терісімен қаптап қобыз жасап Дарияның үстіне кілем жайып қайық етіп отырып алып қыл қобызын ойнап аңыратып «өмір күйін» тарта береді. Қорқыт қобыз күйін тарта берсем ажал келмейді, өлмеймін, өлімді қобыз күйінің күшімен арбаймын, ажал маған жақындай алмайды деп сенеді. Күндердің күні болғанда әбден шаршап қалжыраған Қорқыт қалғып кетеді де, ажал оған Қайрақ-жылан бейнесіне кіріп келіп шағып өлтіреді. Бұл аңыз-әңгіме бізге «Қорқыт» күйінің мазмұны арқылы жеткен тарихи шежіре. Аңыз - құдіретті музыка күшімен күңіренген қасиетті қобыз үнімен өлімді де жеңе білген дегенді білдіреді. Қобыз – таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды, бай тембрлі аспап. Біреулер оны құс даусына ұқсатады: « – Оның даусы аспаптың шегін аттың жалынан керілген қылдан тартылған еспе ысқышпен үйкелегенде аққудың үніне ұқсас дауыс шығады» – дейді (П.Паллас). Енді ...