1826 жылдың күзіне таман Бөкей ордасының ханы Жәңгір Мәскеуге барып, І Николай императордың тәж кию салтанатына қатысты. Ағасы Шөкі Нұралиевті, немере ағасы Қайыпқали Есімовті, арқа сүйер сенімді адамдары Сүйінішқали сұлтан мен Қарауыл қожаны және үш кеңесшісін жанына нөкер етіп ерітті. Қазақ хандарынан бірінші болып зайыбы – Фатима ханшаны бірге ала барды. Ресейдің қол астында отырып, сырт мемлекет деңгейіндегі депутациямен келген Жәңгірді үкімет хаттамалық дерлік рәсіммен қабылдап, Еуропа билеушілеріне лайықталған сый-құрметтің бір ұшығын көрсетуге мәжбүр болды. Мәскеудің ресмилігі мен салтанатын түгесіп, еліне қайтқан Жәңгір қазанның 13 күні Қазан қаласына жетті. Император ағзамның қазақ ханын шетелдік мәртебелі меймандар дәрежесінде қабылдағанынан хабардар Қазан қауымы Жәңгірді өз үстерінен елеусіз өткізіп жібере алмады. Хан алыс жолдан аяқ суытпай жатып қаланың азаматтық губернаторы барон Розен әдейілеп сәлем бере келді. Сәтті сапарымен құттықтап, енді ежелгі Қазанға қош келдіңіз деп қол қусырды. Жәңгірдің жол бойы ойлаған өз мақсаты болатын. Сөйтіп, келесі күні Қазан университетінің табалдырығын аттады. Ректор Карл Фукс қазақ ханына өзі басқаратын білім ордасының аудиторияларын аралатты. Алдымен физика кабинетіне бастады. Дәліздегі есігінің реті солай болғанына ректор қынжылғандай. Қырдан келген әміршіні физика құралдары тым қызықтыра қоймас деп ойлаған. Ал хан кейбірінің не үшін қолданылатынын білмесе де, өзін қараңғы етіп көрсетпеуге тырысып бақты. Сұрағын сақтықпен қойып, алды-артын ойлай сөйлеп, оқымыстылардың іштей мазағына айналмауды ойлады. Есесіне, минц-кабинетте Жәңгірдің жүзі біршама жадырады. Бедеріне қарап әр заманда соғылған араб пен шығыстың мәнет ақшаларын, құнын, нақышталған жерін айтып тұрды. Көне күмістердің сырына біршама қанық екенін аңғартты. Кітапханаға кіргенде Жәңгір өзін еркін сезінді. Араб, парсы, татар тіліндегі манускриптерді қолына кезек ұстап қарады. Алтын әріпті көне құрандарды сипап көрді. Университет баспасынан шыққан кітаптар мұқабасын мүдірмей оқыды. Фукс осы сәтті пайдаланып Жәңгірге Хиуа ханы Әбілғазы жазған түрік шежіресін тарту етті. Жазылғанына бір жарым ғасыр өтсе де бұл еңбек Ресейде тұңғыш рет осында, Қазан университетінде басылыпты. Ректор ұсынған сыйды қолына алған Жәңгір “Шежіре-и түрк” деген атын жанындағыларға естірте ... |